ESET заманауи кибершабуылдарға қарсы тұру үшін ЖИ инновацяларына инвестиция салады

ESET компаниясы — ақпараттық қауіпсіздік саласындағы көшбасшы— автономды агенттік ЖИ жүйелердің пайда болуынан туындаған шабуылдардың қарқынды жетілдірілуіне байланысты жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі киберқауіпсіздікті дамытуға 40 миллион евро көлемінде инвестиция бөлетінін жариялайды.

Бұл шешім ESET деректерінде байқалып отырған өзгерістерге жауап ретінде қабылданды. Атап айтқанда, 2026 жылдың наурыз айынан бастап ESET технологиялары ЖИ-дің тапсырмаларды орындау, құралдарды пайдалану, қызметтерге қол жеткізу және сыртқы жүйелермен өзара әрекеттесу тәсілдерін айқындайтын 800 000-ға жуық бірегей модульдік компонентін сканерледі. Осындай компоненттердің 25 000-ы күдікті ретінде белгіленіп, 3 000-нан астамы зиянды деп бұғатталған.Жалпы алғанда, осы жылдың басында компоненттер саны 13 есе өсті, өйткені олар маңызды жүйелерді сыртқы репозиторийлермен, плагиндермен, деректер жиынтықтарымен және үшінші тарап сервистерімен жиі байланыстыратын бағдарламалық қамтамасыз етуді жеткізу тізбегінің бір бөлігіне айналуда.

«Киберқауіпсіздік мүлде жаңа дәуірге қадам басуда, — деп атап өтті ESET компаниясының бас директоры, Ричард Марко. — Жасанды интеллект енді тек қорғаныс құралы ғана емес. Ол шабуыл векторларының біріне айналып келеді. Біздің инвестицияларымыз ЖИ-дің киберқауіпсіздікті әлсіретуге емес, күшейтуге ықпал етуіне, сондай-ақ автоматтандырылған ЖИ әлемінде компанияларды қорғауға қабілетті технологияларды әзірлеуге бағытталған».

Қазіргі таңда заманауи ЖИ жүйелеріне қолжетімділік бірнеше жаһандық технологиялық компаниялардың қолында шоғырланып келеді, сондықтан бұл бастама ESET компаниясының технологиялық тәуелсіздігін және киберқауіпсіздік саласындағы еуропалық цифрлық егемендікті нығайтуға бағытталған. «Біз киберқауіпсіздіктің болашағы технологиялық сектор алыптары бақылайтын модельдерге толықтай тәуелді болмауы тиіс деп сенеміз, — деп толықтырды Ричард Марко. — Киберқауіпсіздік саласында цифрлық егемендіктің маңызы зор».

Қызметкерлерді жалдау жоспарын іске асырумен қатар, оның аясында ESET зерттеушілері мен инженерлерінің командасы 1 000 адамға дейін ұлғайтылады, 40 миллион еуро көлеміндегі инвестициялар үш стратегиялық бағытқа жұмсалады:

  • қауіпсіздікке бағытталған ЖИ тәуелсіз үлгілері;
  • ЖИ негізіндегі толық көпдеңгейлі қорғау құралдарының жиынтығы;
  • ЖИ негізіндегі жаңа буындағы SOC.

«ESET компаниясы киберқауіпсіздік саласында ЖИ пайдалану бойынша бұрыннан бері көшбасшы болып келеді, - деп атап өтті ESET жасанды интеллект сұрақтары бойынша вице-президенті, Юрай Яношик. – Қазіргі таңда ЖИ атқаратын рөл өзгеріп келеді. Жасанды интеллекттің құралдары күнделікті жұмыстың бір бөлігіне айналуда, агенттік жүйелер шабуыл мүмкіндіктерін кеңейтуде, ал қауіпсіздік командаларына қауіптерге жылдамырақ әрекет етуге арналған құралдар қажет. Бұл инвестиция ESET командасына барлық бағыттар бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді: ЖИ-ді сенімді пайдалануды қамтамасыз етуге, киберқауіпсіздікке арналған арнайы модельдерді әзірлеуге және сарапшылардың бақылауымен қауіпсіздік жүйесіне автономды жұмыс функцияларын енгізуге.»

Қауіпсіздікке бағытталған тәуелсіз ЖИ модельдері

ESET компаниясы киберқауіпсіздік саласында қолдануға арнайы әзірленген өзінің жасанды интеллект модельдерін жасауды жеделдетеді. Интернеттегі ауқымды контент негізінде оқытылған әмбебап жүйелерден айырмашылығы, ESET модельдері компанияның шамамен 35 жылдық қызметі барысында жиналған киберқауіпсіздік телеметриясы мен қауіптер туралы деректерді пайдалану арқылы оңтайландырылады.

 

Компания ЖИ негізіндегі қолданыстағы технологияларын (ESET LiveGrid, ESET LiveCortex және ESET LiveGuard сияқтыларын) кеңейтуді жалғастырады, сондай-ақ цифрлық ортадағы мінез-құлықты, мәнмәтінді және ниеттерді түсінуге қабілетті ашық қолжетімді ЖИ модельдері секілді жаңа тұжырымдамаларды зерттейтін болады.

ЖИ негізіндегі көпдеңгейлі қорғау құралдарының жиынтығы

ЖИ-ті күнделікті бизнес-процестерге интеграциялаумен қатар, ESET компаниясы ұйымдарды жасанды интеллектпен байланысты жаңа қауіптер мен тәуекелдерден қорғауға арналған ЖИ негізіндегі кешенді қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыруда. Инвестициялар пайдаланушылар, ЖИ-агенттер, бизнес-қосымшалар және ЖИ модельдері арасындағы аралық қорғаныс деңгейі болатын ESET Secure AI Relay шешімін әзірлеуді қамтиды.

Сондай-ақ ЖИ-агенттер арасындағы байланысқа арналған желілік деңгейдегі қорғау құралдарын жасау жоспарлануда. ESET AI Skills Checker (нақты уақыт режимінде ЖИ-агент модульдеріндегі қауіп белгілерін талдауға және анықтауға арналған тегін құрал) және оның ESET өнімдеріне интеграцияланған жетілдірілген нұсқалары агенттік ЖИ жүйелерінің осы жаңа экожүйесі үшін арнайы әзірленген.

ЖИ негізіндегі жаңа буындағы SOC

Жасанды интеллект негізіндегі SOC технологияларының жаңа буыны шабуылдар ауқымының өсуі мен заманауи анықтау және әрекет ету жүйелерінің күрделілігін ескере отырып әзірленетін болады. Талдаушыларды ЖИ-агенттерімен жай ғана алмастырудың орнына, ESET телеметриялық деректерді өңдеу, корреляциялау және талдау тәсілдерін түбегейлі қайта қарастыруды мақсат етеді. Компанияның көзқарасы мамандардың бақылауындағы автоматтандырылған қорғау технологиялары арқылы ЖИ негізіндегі озық киберқауіпсіздік шешімдерін тек ірі кәсіпорындарға ғана емес, сонымен қатар орта және шағын компанияларға да қолжетімді ету.

«Киберқауіпсіздік қауіпсіздік ескертулерінің, ақпараттық панельдердің санын арттыру немесе жүйелерді күрделендіру арқылы дами алмайды, — деп толықтырды,Ричард Марко. — Индустрияға алға қарай тағы бір маңызды серпіліс қажет. Біз жасанды интеллект жоғары деңгейдегі киберқауіпсіздікті едәуір күш-жігерді талап етпейтін әрі баршаға қолжетімді етуі тиіс деп сенеміз».